ПРЯМОЙ ЭФИР

Бельгиялықтардың Королі мен Патшайымы Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында Almaty Museum of Arts-қа ат басын бұрды.

Музейлерді қамтып өткен бұл маршрут Қазақстан өнері мен жаһан өнер туындыларын тоғыстырды. Бағдарламаның басты оқиғасы Брюссельден келген хореограф Ула Сиклдің перформансы болды.

Almaty Museum of Arts – Орталық Азиядағы халықаралық деңгейдегі заманауи өнерге арналған тұңғыш жекеменшік музей. Chapman Taylor сәулет бюросы жобалаған музей ғимараты – үнемі өзгеріп, жаңарып отыратын, пікір алмасуға мүмкіндік беретін кеңістік. Мұнда кең көрме залдары, түрлі мақсатқа бейімдеуге болатын атриум, дәріс залы және ашық аспан астындағы мүсіндер саябағы бар.

Монархтарды музейдің негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов, музей директоры Татьяна Ходжаева, және көркемдік жетекшісі Меруерт Қалиева бастап жүрді. Алғашқы аялдама «Мүсіндер: 1950 жылдардан бүгінге дейінгі Қазақстан мүсін өнері» көрмесі болды. Көрме жетпіс жыл ішінде отандық өнердің көркемдік формасы мен өзіндік болмысының қалай өзгергенін баяндайды.

Фото: Роман Егоров

Тұрақты коллекция залдарында қонақтарға Ричард Серра, Ансельм Кифер және Яёи Кусаманың («Махаббат шақырады») монументал туындылары, сондай-ақ Билл Виоланың «Тұрақтар» атты медиаинсталляциясы таныстырылды.

Мәдени бағдарламадағы басты оқиға Брюссельден келген хореограф Ула Сиклдің музей атриумында көрсетілген «Саз балшық денелер (зерттеу)» / Clay Bodies (study) перформансы болды. Жоба KANAL – Centre Pompidou орталығымен бірлесіп жүзеге асқан. Қойылымның өзегі саналатын отқа күйдірілген керамика қозғалыс, дыбыс пен ырғақтың қайнар көзіне айналады. Бұл перформанс Almaty Museum of Arts пен KANAL – Centre Pompidou арасындағы болашақ ынтымақтастыққа жол ашып, екі тараптың мәдениет саласын бірлесе дамытуға деген ұмтылысын көрсетті.

Фото: Роман Егоров

«Жақсы өнер туындысы аударманы қажет етпейді. Серра, Кифер, Кусама, Виола мен қазақстандық мүсіншілер түрлі тілде сөйлегенімен, музей қабырғасында олардың туындылары өзара диалогқа түседі. Мәдениеттер арасындағы осындай пікір алмасудан жаңа мән-мағына мен ауқымды халықаралық серіктестіктер туындайды. Almaty Museum of Arts үшін Ұлы мәртебелі меймандарды қабылдау және Орталық Азия мен Еуропа бір-біріне шабыт беретін кеңістікке айналу – үлкен мәртебе», - деді Almaty Museum of Arts музейінің негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов.

Король Филипп пен Матильда Патшайым музейдің Құрметті қонақтар кітабына қол қойып, бұл күнді музейдің халықаралық байланыстары тарихында қалдырды. Сапардан естелік ретінде монархтарға Алмагүл Меңлібаеваның «Мен бәрін түсінемін» атты көрмесінің каталогы табысталды.

Фото: Роман Егоров

Экскурсия музейдің ашық кеңістігіндегі Алисия Кваденың «Препозиция» атты инсталляциясын тамашалаумен аяқталды.

Бельгия Королі мен Патшайымының Almaty Museum of Arts музейіне сапары Қазақстан мен Еуропа арасындағы мәдени байланыстарды нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Ұсынылған экспозиция Алматының Еуразия кеңістігіндегі қарқынды дамып келе жатқан өнер орталықтарының бірі екенін, сондай-ақ жаһанның музей мекемелерімен тең дәрежеде диалог құруға қабілетті екенін көрсетті.

____________________________________________

Анықтамалық ақпарат

Almaty Museum of Arts (ALMA) – Қазақстандық коллекционер әрі меценат Нұрлан Смағұлов негізін қалаған жаңа заманауи өнердің жеке мұражайы. Мұражай 2025 жылдың күзінде ашылды.
Музей миссиясы – өнер атаулымен жақын байланыс жасап, ашық диалог орнату арқылы адам мен қоғамның дамуына жол салатын кеңістік құру.
Мұражай Қазақстан мен Орталық Азия өнерін зерттеп, қолдап, қастерлеп сақтаумен қатар, оны жаһандық көркем оймен ұштастыра отырып, кәсіби орта мен қарапайым қауымға бағытталған тұрақты мәдени кеңістік қалыптастырады.

ALMA қорында 700-ден астам өнер туындысы бар, оған қазақстандық шеберлердің (Айша Ғалымбаева, Салихитдин Айтбаев, Рустам Хальфин, Алмагүл Меңлібаева және басқалары) шығармалары мен жаһандық өнердің негізгі есімдері кіреді: Ричард Серра, Яёи Кусама, Ансельм Кифер, Билл Виола. Йинка Шонибаре, Алисия Кваде және Жауме Пленсаның арнайы Almaty Museum of Arts үшін жасаған ашық аспан астындағы монументал мүсіндерінің орны тым бөлек. Мұражайдың сәулеті британиялық Chapman Taylor бюросы, сондай-ақ Lord Cultural Resources және Buro Happold компанияларының қатысуымен жасалған (Buro Happold портфолиосында Guggenheim Bilbao, Louvre, Centre Pompidou бар). Сәулеті қос L тәрізді құрылымнан тұрады, оның бір бөлігі Тянь-Шань тауларын еске салатын Юра әктасымен қапталса, ал екіншісі қала тұрмысының қарқынды ырғағын көрсететін алюминий панельдермен жабылған.
ALMA-ның бас серіктесі – Қазақстандағы ең ірі банктердің бірі саналатын Halyk банкі. Halyk қайырымдылық бастамаларымен де кеңінен танымал. Соңғы бес жыл ішінде банк пен «Halyk» қайырымдылық қоры еліміздің түкпір-түкпіріндегі әлеуметтік жобаларға шамамен 62 млрд теңге бөлді.

Келушілерге арналған ақпарат

Мұражай дүйсенбіден басқа күндері күн сайын 11:00–21:00 аралығында жұмыс істейді (кіру уақыты 20:00-ге дейін).

Стандартты билет құны – 3000 теңге, арнайы билет – 500 теңге. Әртүрлі санаттағы келушілер үшін қосымша жеңілдіктер мен тегін кіру мүмкіндіктері қарастырылған. Билеттер құны мен экскурсия бағдарламасы туралы толық ақпаратты мұражайдың сайтынан таба аласыз.

 

Поделиться публикацией :

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить