Зейнетақы навигаторы: БЖЗҚ активтерін басқару
Қазақстан Ұлттық банкі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) активтерін тиімді және тұрақты басқару жөніндегі саясатын жалғастыруда. Бұл туралы Business FM радиосындағы « Зейнетақы навигаторы » бағдарламасының жаңа шығарылымында айтылды. Бағдарлама қонағы — ҚР ҰБ Монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары Нұржан Нұрғазин
Вы можете прослушать подкаст программы «Финансы»:

24,5 триллион теңгелік активтер
2025 жылдың тамыз айындағы деректер бойынша Ұлттық банк басқаруындағы зейнетақы активтерінің көлемі 24,5 трлн теңгені құрайды.
Активтердің 57%-ы теңгелік, ал 43%-ы валюталық құралдарға инвестицияланған.
Портфельдің негізгі бөлігі Қазақстан Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарынан тұрады. Бұл – өтімділігі жоғары, тәуекелі төмен және сенімді қаржы құралдары. Сонымен қатар портфельде квазимемлекеттік компаниялар мен екінші деңгейлі банктердің облигациялары, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдарының құнды қағаздары бар.
Табыстылық пен инфляция
2024 жылдың қорытындысы бойынша инвестициялық табыстылық 17,8%, ал инфляция 8,6% деңгейінде болды.
Соңғы 12 айдағы табыстылық 12,8%, инфляция 12,2%.
2014 жылдан 2025 жылға дейінгі жиынтық табыстылық 195%, бұл кезеңдегі жинақталған инфляция 178%, яғни нақты өсім 17% құрады.
Диверсификация және басқару қағидаттары
Ұлттық банк зейнетақы активтерін басқаруда диверсификация, табыстылық және тәуекелдерді шектеу қағидаттарын ұстанады.
Инвестициялық декларацияға сәйкес, активтер теңге және шетел валютасы бойынша әртүрлі қаржы құралдарына бөлінеді.
2016 жылдан бері валюталық активтердің үлесі 17%-дан 43%-ға дейін артқан. Бұл шешім активтердің тұрақтылығын қамтамасыз ету және валюталық тәуекелдерді төмендету мақсатында қабылданған.
Жеке басқарушы компаниялар мен мультипортфель жүйесі
2023 жылдан бастап салымшылар өз жинақтарының 50%-на дейін жеке басқарушы компанияларға (ЖБК) бере алады. Қазіргі таңда Қазақстанда бес компания лицензия негізінде жұмыс істейді:
BCC Invest, Halyk Global Markets, Jusan Invest, Centras Securities және Halyq Finance.
2026 жылдан бастап нарықта жаңа жүйе енгізіледі — мультипортфельдер, оған:
- тәуекелі жоғары,
- теңгерімді (умеренный) және
- консервативті портфельдер кіреді.
Бұл бастама салымшыларға өздерінің қаржылық стратегиясына сай таңдау жасауға мүмкіндік береді.
Жаңа инвестициялық бағыттар
Нұржан Нұрғазин атап өткендей, Ұлттық банк 2026 жылдан бастап альтернативті инвестициялық құралдар портфелін қалыптастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар валюталық портфельдегі акциялардың үлесі 20%-дан 30%-ға дейін ұлғайтылмақ.
«Бұл қадамдар портфельдің ұзақ мерзімді табыстылығын арттыруға және активтердің тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған», — деді Нұржан Нұрғазин.
Ашықтық және ақпараттық қолжетімділік
БЖЗҚ ай сайын өз сайтында портфельдің құрылымы, инвестициялық құралдар және табыстылық көрсеткіштері туралы толық ақпарат жариялайды.
Сол сияқты жеке басқарушы компаниялар да өз инвестициялық декларацияларын ашық түрде ұсынады.







